Өмірде сүйіп-күйіп жастайынан қосылып, бар сырыңмен, бар шыныңмен бөлісіп, ұзақ жылдар «екі жарты бір бүтін» болып бірге тұрып, бірнеше баланы өмірге келтіріп, енді жасы ұлғая бастаған шақта ажырасуға тура келген адамдардың отбасындағы трагедиядан артық азап бар ма екен?
Қанша жерден басқаны сүйіп, махаббатың жалындап тұрса да көздері жаутаңдап, бөтенсіреп, жалғызсырап қалатын балалардың бейнесі жүректен өшер ме? Әлеуметтанушылар осы фактордың өзі-ақ ажырасқан тұлғаның деградацияға ұшырап, күйзеліске түсуіне көбіне-көп негіз болатынын айтады.
Ресми статистикаға қарағанда жыл басынан тамыз айына дейін Қазақстанда 76 мыңдай неке тіркелсе, ажырасқандар саны 31 мыңнан асыпты. Демек бір жылда құрылған отбасының жартысына жуығы жоғалып отыр. Бір отбасында екі бала бар десек, бір жылда 120 мыңдай адамның тағдыры тәлкекке ұшырап, болашағына жарақат түсті деген сөз. Он сегіз миллион ғана халқы бар ел үшін бұл үлкен көрсеткіш, әрине.
Социологтардың зерттеулеріне қарағанда, ажырасатындар көбінесе 25-30 жас аралығындағылар көрінеді. Бұл уақыт адамдардың өз қолдары өз ауыздарына жетіп, ата-аналардың қамқорлығын қажет етпейтін кезеңі. Сондықтан, басқаша өмірді, басқа жарды қалап, көңілге көбінесе желік кіретін жас осы екен. Сонымен бірге, 40 жастың маңайы да некені сақтауға қатер тудыратын кезең деп есептеледі. Өйткені, бұл жаста балалар ержетеді. Ерлі-зайыптылар балалар үшін ғана некені сақтап келсе, енді ондай кедергіден ада болып, адамдар өз жолын табуға тырысатын көрінеді.
Зерттеушілер ажырасудың сылтауларын негізінен үш түрге бөледі. Біріншісі, тұрмыстық себептер, соның ішінде үй-жайдың ыңғайсыздығы, ас-су әзірлеу мен үй жинаудың қиындықтарынан қашу, материалдық тұрғыдан жетіспеушіліктер және т.б. Екінші себеп, ерлі-зайыптылардың бір-біріне суынуы, үй-ішілік жанжалдар, қызғаныш, өмірге деген көзқарастарының әртүрлі болуы. Ал үшінші себептерге ерлі-зайыптылардың бір-бірінің көзіне шөп салуы, басқа біреуді ұнату, ата-аналардың ортаға түсуі сияқты сыртқы факторлар жатады.
Қазақстандағы психологтар ассоциациясының президенті Владимир Стеблянконың айтуына қарағанда біздің елдегі ажырасудың тағы бір негізгі себебі отбасылық құндылықтардың аяққа басылуы көрінеді. Өзінің республикалық басылымдардың біріне берген сұхбатында ол ажырасу процесі бойынша сотқа сарапшы-психолог ретінде жиі қатысатынын айта келіп: «Бұрын отбасы қоғамның алғашқы құрылымы болатын. Қалғандарының бәрі соның негізінде құралатын. Ал қазір ол екінші орындағы құндылыққа шығып қалды. Ажырасулардың негізгі себебі сонда» дей келіп, қазіргі адамдарды алдымен мансап баспалдақтары мен материалдық құндылықтар алаңдататынын айтады. «Біз қазір көп ақшаға қол жеткіздік, ол бұрынғы махаббат, сүйіспеншілік сезімін кейінге ысырып, байлық пен карьераны, билікке ұмтылуды алға шығарды», дейді ол. Осы жерде ұлы Абайдың «Бар жақсы байлықтан да, биліктен де, Бар істі ақша бұзар киліккенде» деген сөзі еске түседі. Қалтаға ақша молырақ түскен сайын халықтың пейілі де бұзылып, жақсыдан гөрі жақсырақ іздей бастайтын болса керек. Сондықтан, «қазақ байыса қатын алардың» керімен адамдар ұзақ жылдар жанына серік болған жарын, көзінің нұры болған бала-шағасын, отбасылық міндет пен парызын ұмытып, желікке ере бастайтын сияқты.
Осындайды азайту үшін не істеу керек дегенге психологтар отбасы құндылығын мемлекеттік деңгейде арттыру саясатын жүргізу керек дейді. Бұл сөздің жаны бар, ондайды біздің билік те қолдап отыр. Отбасы құндылығын насихаттау үшін бірнеше жыл бойы Елбасының бастамасымен «Мерейлі отбасы» байқауы өткізіліп, барлық насихат құралдары жастарды ұйымшыл отбасыларынан үлгі алуға шақырды. Осы шарадағы сөздерінде Президенттің өзі ажырасулардың жиі орын алып жатқанына қынжылыс білдіріп, жас шаңырақтарды асығыс шешім қабылдамауға шақырды. «Жас келген сайын бұл өмірді түсіне бастайсың. Сенің жетістігің, миллиард ақшаң, қызметің басты орында емес. Ең бастысы, адамға керегі отбасы, балалары...», деген еді Президент ең алғашқы «Мерейлі отбасы» мерекесінің марапаттау салтанатында. Отбасының адам үшін ең маңызды, ең жауапты құндылық екендігін дін Ислам да айтқан. Хадисте «Үш нәрсемен қалжыңдап ойнауға болмайды, олар: неке, талақ және ант» деген. Қандай жағдай болса да отбасын сақтауға ерлі-зайыпты күш салуы тиіс. «Мұсылман әйеліне кек сақтамасын. Оның бір мінезін ұнатпаса, басқа бір мінезін ұнатады» деген екен пайғамбарымыз. Сондықтан, бала-шағасын мұңайтып, жүрегіне ауыр қайғы салып, «лапылдақ, көрсеқызар нәпсіге еріп» (Абай) қасиетті отбасының ойранын шығаратындарға түбінде Алладан сұрау болатынын ұмытпайық.
Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»